Астанада биылғы КТЛ ойындарының финалы өтті

18 мамыр күні Астана қаласында “Білім-Инновация” қорының ұйымдастыруымен “Көңілді тапқырлар лигасы” (КТЛ) ойындарының финалы өтті. Ол жыл сайын алдымен өңірлерде аймақтық форматта, содан кейін республикалық деңгейде өткізіледі. Финалға әр аймақтық додада жеңіске жеткен, сондай-ақ “Білім-Инновация” қоры президентінің кубогының жеңімпазын қоса алғанда, барлығы 6 команда қатысты. Олар:

  1. Тараз қаласының Жамбыл инновациялық жоғары колледжінен “Лицей емес” командасы;
  2. Атырау облысының Құлсары БИЛ командасы “Біз жанбасақ лапылдап”;
  3. Алматы қыздар лицейінен “Сол баяғы Алқыз” командасы;
  4. Қарағанды ерлер БИЛ командасы “Майқұдық”;
  5. Павлодар ерлер БИЛ командасы “Синдикат”;
  6. Астана қаласының “Nurorda” мектебінен “NurVuitton” командасы.

Бұл командаларды қолдау үшін еліміздің әр түкпірінен оқушылар, ұстаздар және ата-аналар келді. Жарыстың қорытындысы бойынша, құлсарылық “Біз жанбасақ лапылдап” командасы бірінші орынды, қарағандылық “Майқұдық” командасы екінші орынды, ал алматылық “Сол баяғы Алқыз” командасы үшінші орынды иеленді.

Шараның демеушілері “Happy Cake” компаниясының негізін қалаушы Асхат Солтанов және “Brave Talents” компаниясының басшысы Алмаз Жали болды. Қор атынан демеушілерімізге, қатысушы командаларға, сондай-ақ осы іс-шараны ұйымдастырушыларға зор алғысымызды білдіреміз.