БИЛ оқушылары химия пәнінен 58-ші Халықаралық Менделеев олимпиадасында Қазақстан құрамасының құрамында үш медаль жеңіп алды.

21-26 сәуір аралығында Шэньчжэнь қаласында (Қытай) ММУ-ППИ университетінің базасында мектеп оқушыларына арналған химиядан 58-ші Халықаралық Менделеев олимпиадасы өтті. Олимпиадаға әлемнің 30 елінен 200 оқушы қатысты. Бұл жоба талантты жастарды дамыту үшін М. Ломоносов атындағы ММУ мен Мельниченко қорының жетекші халықаралық бастамасы болып табылады. Қатысушылар арасында Ресей, Австрия, Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Бразилия, Болгария, Венгрия, Иран, Қазақстан, Қытай, Солтүстік Македония, БАӘ, Сауд Арабиясы, Сирия, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Шри-Ланка, Куба және т.б. елдердің өкілдері болды. Жарыс нәтижесінде 15 алтын, 30 күміс және 45 қола медаль табысталды.

Қазақстан құрамасы 9 медаль, оның ішінде 1 алтын, 2 күміс және 6 қола жүлдеге ие болды. Медаль иегерлерінің арасында “Білім-инновация” лицейінің үш оқушысы болды. Күміс медальді Әділжан Молдағұл (БИЛ, Ақтау қ.) және екі қола медальді – Санжар Қалиақбар (БИЛ, Қарағанды қ.) және Әліби Мұғалім (БИЛ, Ақтау қ.) жеңіп алды.

Оқушыларымызды, олардың ата-аналарын және мектептердің педагогикалық ұжымдарын тамаша жеңісімен құттықтаймыз! Сіздің еңбегіңіз бен күш-жігеріңіз лайықты табыс әкелді!