«БІЛІМ–ИННОВАЦИЯ» мен «NIS» арасындағы ынтымақтастық кеңейе түсуде

«БІЛІМ–ИННОВАЦИЯ» Халықаралық қоғамдық қордың өкілдерінен тұратын бір топ делегат «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру мекемесіне сапар шегіп, олардың жұмысымен жақыннан танысып қайтты.

Осы кездесуде Қордың делегаттары Назарбаев Зияткерлік мектептерінің (NIS) білім беру бағдарламалары, оқытушылардың кәсіби дамуын өлшеу жүйелері және оқытушыларға арналған шеберлік орталықтары туралы толыққанды ақпарат алды. Бұдан бөлек, NIS мамандары өздерінің жетекші Beyim Tech цифрлық жобасын да таныстырды.

Қор делегаттары NIS-тің жобалары мен қызметтеріне жоғары баға бере отырып, Қазақстандағы білім беру сапасын жоғарылату жолындағы ортақ жобаларды іске асыруға деген өзара ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді. Айта кету керек, 2023 жылдың желтоқсан айында «БІЛІМ–ИННОВАЦИЯ» қоры мен NIS арасында өзара ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған меморандумға қол қойылған еді.

«БІЛІМ–ИННОВАЦИЯ» Халықаралық қоғамдық қорының басшылығы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин мырзаға және ұжымының көрсеткен қонақжайлығы үшін шынайы алғыстарын білдіреді. Сонымен қатар, Қор өкілдері өз кезектерінде NIS делегациясын келесі кездесуге шақыруға ниет білдірді.