«ЖАС КӨШБАСШЫ – 2018» құрылтайының қатысушылары 12 қазан күні Тәуелсіздік сарайында өткен «ASTANA EDUCATION FAIR 2018» атты әлемдік және отандық үздік университеттердің көрмесіне қатысты.
Көлемді білім көрмесі биыл жетінші рет ұйымдастырылды. Қазақстанның Алматы, Атырау қалаларында басталған жоба Елордада жалғасын тапты. Қазақстан, АҚШ, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея, Германия, Польша, Гонконг және Ұлыбританияның алдыңғы қатарлы университеттерінің өкілдері өз мүмкіншіліктерін ұсынды.
Жас көшбасшылар аталмыш білім көрмесіне қатысу арқылы, үздік оқушылар үшін түрлі білім гранттарын ұтып алу мүмкіндігі барын біліп, көкейде жүрген сауалдарына жауап алды.
Артынша «Білім-Инновация» лицейлерінің үздік шәкірттері құрылтай барысында бірнеше топқа бөлініп, әлеуметтік жобаларын ұсынды.
Озат оқушылар өзара пікір алмасу арқылы бірігіп, түрлі тақырып төңірегінде жаңа жобаларды ұсына білді. Жобалардың ішіндегі ең пайдалысын өз мектептеріне апарып жүзеге асырмақшы. Өз кезегінде «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте жеткіншектерге сәттілік тіледі.
Құрылтай аясында жас көшбасшылар Парламенттің жоғарғы және төменгі палаталары, Сенат пен Мәжіліс ғимараттарына танымдық саяхат жасап, заң шығарушы органның жұмыстарымен танысты.
Оқушылар құрылтайдың екінші күнін «Президенттер аллеясына» ағаштар отырғызумен қорытындылады. Лицей президенттеріне эко мәдениетті қалыптастыру, еңбекке баулу, жас ұрпақты өзі мекен еткен табиғи ортаның әсемдігін сезінуге, тазалығын сақтауға, қоршаған ортаға мейірімділікпен, жанашырылықпен қамқор болу керектігі түсіндірілді.
Просмотров страницы: 829