«Білім-инновация» лицейлерінің оқушылары арасында жастайынан білімге алғыр, дарынды, шығармашылық қабілеті жоғары, талантты да жігерлі жастар өте көп. Олар қажырлы еңбек пен ынта-ықыластың арқасында жетістікке жетіп, талайды таңқалдырып жүр. Ендеше біз Сіздерді үздік білімдері мен ұшқыр ойларымен жетістікке жетіп жүрген оқушыларымызбен таныстыруды жөн көрдік. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Атырау «Білім-инновация» лицейінің 2019 жылғы түлегі Садуахас Санжар.
Қазіргі уақытта Санжар Назарбаев Университетінде Foundation бағдарламасы бойынша білім алуда. Лицейде оқып жүрген кезінде информатика пәнінен облыстық және республикалық олимпиадаларға қатысып, 2017 және 2018 жылдары информатикадан Еуразиялық олимпиаданың ақтық кезеңіне өтіп, 2017 жылы «Kazakhstan Robotics Challenge» жарысында «Smart House» категориясы бойынша, күміс жүлде иегері атанды. 2019 жылы INFOMATRIX Халықаралық жоба сайысында алтын медаль иегерлері атанып, Қазақ-Британ Техникалық Университетінің грантын жеңіп алды.
«Информатика пәніне деген қызығушылығым 7-сыныптың соңында, олимпиадаға дайындық құрамына қабылданғаннан бастап пайда болды. Содан бері мен спорттық бағдарламалауға қызығушылық танытып, түрлі жарыстар мен олимпиадаларда бағымды сынап көрдім. 9-сыныпта робототехникамен айналысып, Arduino платформасында Smart House, Smart agriculture system жобаларын жасадым», – дейді Санжар.
Пән олимпиадасына қатысушылар алдымен өз пәндерін жақсы көруі керек. Уақытыңызды босқа өткізбеңіз, өзіңізге ұнайтын нәрсемен айналасыңыз. Әр оқушы өзінің жарқын болашағы үшін білім алуы керек. Сіздің ата-анаңыз да, мұғаліміңізге де Сіздің біліміңізді қажет етпейді. Сіздің болашақтағы жетістігіңіз бүгінгі алған біліміңізге байланысты. Жалпы, сәттілік теориясы абстрактылы, әр адам оны өз жолымен анықтайды дейді ол.
Санжардың айтуынша, жетістікке жету үшін кез-келген адам өзін тәрбиелеу қажет. Осы тұста оқушыларға олимпиаданың әсері мол. Әр оқушы олимпиадаға дайындық барысында өзіне тиімді әдісті анықтап, нақты жаттығу кестесін құрып, тапсырмаларды орындау уақытын белгілеп алғаны жөн.
Сөз соңында Санжар лицейдегі 5 жылды қалай тиімді және пайдалы өткізуге болатындығы туралы 5 кеңес ұсынды. Пайдаңызға жарайды деген ойдамыз.
- Егер оқушы әлі де қабілетіне сай өзінің сүйікті саласын таба алмаған болса, лицейдегі уақыт – өзін түрлі салада сынап көруге және ұнайтын іспен айналысу арқылы өзін-өзі дамытуға берілген мүмкіндік. Сондықтан, өзіңізді зерттеп бастаңыз, сүйікті ісіңізді табуға тырысыңыз. Айналысып жүрген ісіңіз болашақ мамандығыңызға байланысты ма немесе белгілі бір салада дағдыларыңызды шыңдауға көмегін тигізе ме? Ойланыңыз.
- Өзіңізді тәрбиелеңіз. Егер алға қойған мақсатыңызға жетуді қаласаңыз, алдымен жеңіске апаратын барлық қадамдарды анықтап, олармен жұмыс істеп, нақты жоспармен әрекет етіңіз. Бұл дағдыны жеткілікті түрде дамытсаңыз, әрі қарай университетке түскенде, жұмысқа орналасқанда сізге оңай болады. Өйткені сіз, кез-келген тапсырманы қалай жеңуге болатындығын білесіз.
- Өз тәжірибемнен байқағаным, лицейдегі оқушылардың көпшілігі тұйық мінезді болып келеді. Ашылыңыз! Лицей өміріне белсене араласып, түрлі іс-шараларға қатысуға кеңес беремін. Өмірдің осы кезеңінде белгілі бір дәрежеде адамның тұлға ретінде дамуына кедергі келтіретін жасқаншақтықты жеңу маңызды. Белсенді болуға тырысыңыз және өзгелердің пікірінен қорықпаңыз, өйткені лицейді оқушы бойындағы дарынды ашатын алаң ретінде қарастыруға болады.
- Лицей мен мемлекет берген барлық мүмкіндікті пайдаланыңыз. Оқушылар барлық мектептерде мұндай мүмкіндіктер берілмейтінін және жетістік олардың өздеріне, жаңа білімді үйренуге деген құлшынысы мен тілегіне байланысты екенін түсінуі керек.
- Жұмыстың көптігіне қарамастан, сыныбыңыз бен сыныптастарыңызға көңіл бөлуді ұмытпаңыз. Өйткені лицейді бітіргеннен кейін де, Сіздер кез-келген қиын сәтте бір-біріңізді қолдайтын, барынша шынайы болатын өмірлік бауырлар болып қаласыздар. Сондықтан, лицейде көпшіл болып, барлығымен достық қарым-қатынас орнатуға тырысыңыз.
Просмотров страницы: 786