Республикалық “Жарқын болашақ” қазақ тілі олимпиадасының ақтық кезеңі Астанада өтті

21-22 мамыр күндері Астана қаласында биыл 12-ші рет өткізіліп келе жатқан республикалық “Жарқын болашақ” қазақ тілі олимпиадасының соңғы кезеңі өтті. Олимпиаданың облыстық деңгейіне биыл 5,000-ға жуық оқушы қатысып, солардың ішінен 200 оқушы жеңімпаз атанып, қорытынды кезеңге жолдама алды. Бұл олимпиада дәстүрлі түрде Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен,  «Білім-Инновация» ХҚҚ және «Дарын» РҒПО мұрындық болуымен өткізіліп отыр.

Олимпиадаға қазақ тілді (ұлты қазақ) және қазақ тілді емес (өзге ұлт өкілдері)  7–11-сынып оқушылары қатыса алады.

Олимпиада  бес бағыт бойынша өткізіледі:

  1. «Бейнелеушілер» (қазақ әдебиетіндегі шығармаларды комикс жанрында  салу);
  2. «Білгірлер бәйгесі» (халық ауыз әдебиеті үлгілері бойынша сайыс);
  3. «Жас қаламгер» (жазбаша шығармашылық жұмыс);
  4. «Сөз шеберлері» (шешендік өнер, көпшілік алдында белгілі бір тақырыпта сөз сөйлеу);
  5. «Әнші-бұлбұлдар» (ән айту).

Олимпиаданың әділқазылар құрамында әйгілі әртістер Майра Ілиясова, Бағдат Сәмиденова, Ұлықпан Жолдасов, жазушы Нұрғали Ораз, журналист Мөлдір Доспаева, т.б. сынды филология, өнер, журналистика салаларының белгілі қайраткер тұлғалары болды.

Олимпиадаға қатысқан отыз алты 11-сынып оқушыларының барлығына еліміздің үздік ЖОО-лары білім гранттарын ұсынды. Олар:

  1. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті;
  2. Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университеті;
  3. Шәкәрім университеті, Семей қаласы;
  4. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті;
  5. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті;
  6. Мақсұт Нәрікбаев университеті, Астана қаласы;
  7. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті;
  8. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті;
  9. Нархоз университеті, Алматы қаласы;
  10. SDU University, Алматы қаласы.

Олимпиаданың жабылу салтанаты Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрында өтті. Бұл шараға қатысушыларды арнайы құттықтап, марапаттау үшін ҚР Оқу-ағарту және Ғылым мен жоғары білім вице-министрлері, Парламент Мәжілісі мен Сенатының депутаттары, мемлекет пен қоғам қайраткерлері де келіп қатысты.

Олимпиаданың бас демеушілері  «Altyn Qyran Foundation»  қоғамдық қоры, «Jakko» және  «Almatherm» компаниялары, сондай-ақ Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы болды.

Қор атынан олимпиадаға еліміздің әр түкіпірінен келген қатысушы оқушылар мен жетекшілеріне, ұйымдастыруға атсалысқан ҚР Оқу-ағарту мен Ғылым мен жоғары білім министрліктеріне, өңірлердегі облыстық білім беру басқармаларына және Астана қаласындағы қорға қарасты мектептердегі оқушы, ұстаз және ата-аналарымызға, шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен демеушілерімізге, сондай-ақ қонақ ретінде қатысып, қолдау білдірген Мәжіліс мен Сенат депутаттарына, мемлекет пен қоғам қайраткерлеріне шынайы алғысымызды білдіреміз.