Республикалық: 2924
Облыстық: 13536
Халықаралық: 4002
басты бетке

Талапкерге

ҚР халқы арасында COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуын алдын алу жағдайында “БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ” лицейі білім беру ұйымдарының 2022-2023 оқу жылына 7 сыныпқа оқуға қабылдауды ұйымдастыру туралы әдістемелік нұсқаулықтар

 

1. Жалпы Ережелер

1. Осы «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейі білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау бойынша әдістемелік нұсқаулықтар 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрілігінің 2018 жылғы 12 қазандағы №564 бұйрығымен бекітілген бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидалары, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2013 жылы 19 шілдедегі №289 бұйрығымен бекітілген Мамандандырылған білім беру ұйымдарының түрлері қызметінің үлгілік қағидаларына, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылғы 24 маусым күнгі №264 бұйрықтың 39 тармағына сәйкес сәйкес әзірленді.
2. «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейі білім беру ұйымдарына (бұдан әрі- БИЛ) түсуге ниет білдіруші үміткерлер – Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін білім беру ұйымының 6-шы сынып оқушылары (бұдан әрі-Үміткерлер) бола алады.


2. Құжаттарды қабылдау тәртібі

3. Облыстарда және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 7 сыныпқа оқушы қабылдау конкурсын өткізу үшін БИЛ директоры бұйрығымен саны – 5 (алты) адамнан, құрамында лицей педагогтары мен мамандарынан тұратын қабылдау комиссиясы құрылады.
4. Қабылдау конкурсының екі кезеңін ұйымдастыру үшін «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» Халықаралық қоғамдық қоры (бұдан әрі-Қор) президентінің бұйрығымен саны – 5 (бес) адам, Қор басшылығы, әдіскерлер және мамандарынан тұратын жұмыс тобы құрылады.
5. Құжаттарды қабылдау рәсімі 2022 жылғы 2 ақпан мен 22 сәуірге дейін онлайн түрде жүзеге асырылады. Үміткердің заңды өкілдері www.bilemtihan.kz сайтындағы онлайн-форманы және конкурсқа қатысу өтінішін толтырады.
6. Конкурсқа қатысу үшін төмендегі құжаттар талап етіледі:
1. Үміткердің ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен өтініш (форма бойынша);
2. Туу туралы куәліктің көшірмесі, ЖСН (ИИН);
3. Фотосурет 3х4.
Құжаттардың түпнұсқалары талап етілмейді. Құжаттардың суреттері немесе скан нұсқалары www.bilemtihan.kz сайтына жүктеледі.

6.1. Ерекше қажеттіліктері бар (ерекше білім беру қажеттіліктері бар) оқуға түсуге арналған конкурсқа қатысушылары үшін, егер де емтиханға тіркелудің алдында тиісті құжатпен ерекше қажеттіліктері бар екендігі расталған болса, оқуға қабылдау конкурсын өткізудің ерекше шарттары болуы мүмкін.

3. Конкурсты өткізу тәртібі

7. Қор конкурстық емтихан материалдарын дайындау үшін білім беру, оқыту орталықтарымен, ұйымдарымен келісім-шарт жасайды. Конкурстық іріктеу тапсырмаларына қойылатын талаптар жасалатын келісім-шарттың талаптарында көрсетіледі.
7.1 Барлық қағаз және электронды емтихан материалдары авторлық құқықпен қорғалып, тек емтиханда ғана пайдаланылады.
8. Конкурс 2 кезеңнен тұрады:
8.1. Бірінші кезеңнің өткізілу мерзімі: аудандық кезең 2022 жылдың 16 сәуір күні, қалалық кезең 2022 жылдың 24 сәуір күндері.
Бірінші кезеңде Үміткер 60 тесттік сұрақтардан тұратын емтихан тапсырады:
❖ Математика және логика – 40 сұрақ;
❖ Қазақ тілі – 10 сұрақ;
❖ Қазақстан тарихы – 10 сұрақ.
8.2. Емтихандағы тестілеудің қорытынды нәтижесін есептеуде белгіленген дұрыс жауаптар санының көрсеткіші – «4» (төрт) коэффициентіне көбейтіледі, бір қате жауап «-1» (минус бір) коэффициентіне көбейтіледі. Соңында жалпы қорытынды шығарылады (4*Дұрыс жауап + (-1)*қате жауап = Жалпы қорытынды ұпай).
8.3. Тестілеуге – 100 минут беріледі.
8.4. Тест материалдарын тарату, жауап парағының қызметтік секторларын толтыру, дәрісханадағы Үміткерге қойылатын тәртіп ережесін түсіндіруге кеткен уақыт тестілеуге берілген жалпы уақытқа кірмейді.
8.5. Тестілеу кезінде қағаз нұсқалар қолданылады.
8.6. Үміткерге Сұрақ кітапшасы және Жауап парағы беріледі. Үміткер берілген тапсырмаларды Сұрақ кітапшасында орындайды, есептерді шығару үшін қосымша парақ берілмейді. Жауаптарды Жауап парағына белгілейді. Үміткер Жауап парағының қызметтік секторларын дұрыс толтырмаған жағдайда екінші рет Жауап парағы берілмейді.
8.7. Конкурстың бірінші кезеңі аяқталған соң жергілікті БИЛ қабылдау комиссиясы Жауап парақтарын Қорға жібереді.
8.8. Конкурстың бірінші кезең емтиханының қорытынды нәтижесін тексеруді жұмыс тобы мүшелері жүзеге асырады, бұл ретте нәтижелер үшін тек Жауап парақтарында белгіленген жауаптар есепке алынады, Сұрақ кітапшаларында жазылған ақпарат есепке алынбайды.
8.9. Тестілеудің бірінші кезеңінің нәтижелерін қабылдау комиссиясы 15 күнтізбелік күннен кейін онлайн түрде жариялайды. Ата-аналар (немесе басқа заңды өкілдері) сайтта өздерінің жеке коды бойынша нәтижелерін көре алады.
9. Конкурстың екінші кезеңі: 2022 жылғы 15 мамыр күні.
9.1. Конкурстың екінші кезеңіне конкурстың бірінші кезеңінде қабылдау квотасы бойынша жоғары ұпай жинаған Үміткерлер жіберіледі (рейтингтік жоғары көрсеткіші ғана есепке алынады, яғни, оқушының әлеуметтік жағдайы, ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар болуы және т.б. жағдайлары қарастырылмайды).
Екінші кезеңнің емтихан тапсырмалары 75 тесттік сұрақтан тұрады.
❖ Математика және логика сұрақтары– 55 сұрақ;
❖ Қазақ тілі – 10 сұрақ;
❖ Қазақстан тарихы – 10 сұрақ.
9.2. Емтихандағы тестілеудің қорытынды нәтижесін есептеуде белгіленген дұрыс жауаптар санының көрсеткіші – «4» (төрт) коэффициентіне көбейтіледі, бір қате жауап санының көрсеткіштері «-1» (минус бір) коэффициентіне көбейтіледі. Соңында жалпы қорытынды шығарылады (4*Дұрыс жауап + (-1)*қате жауап = жалпы қорытынды ұпай).
9.3. Екінші кезең тапсырмаларын орындауға берілетін уақыт – 130 минут.
9.4. Тест материалдарын тарату, Жауап парағының қызметтік секторларын толтыру, аудиториядағы Үміткерге қойылатын тәртіп ережесін түсіндіруге кеткен уақыт тестілеуге берілген жалпы уақытқа кірмейді.
9.5. Конкурстық қабылдаудың екінші кезеңі аяқталған соң, облыстық және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы БИЛ қабылдау комиссиялары Жауап парақтарын Қорға жібереді.
9.6. Екінші кезең тестілеу нәтижесін тексеруді Қордың жұмыс тобы мүшелері жүзеге асырады, нәтижелер тек Жауап парақтарынан ғана есептеледі, Сұрақ кітапшаларында жазылған мәліметтер есепке алынбайды.

9.7. Конкурстың екінші кезеңінің нәтижелері 15 күнтізбелік күннен кейін онлайн түрде жариялайды. Ата-аналар (немесе басқа заңды өкілдері) өзінің жеке коды арқылы www.bilemtihan.kz сілтемесі бойынша нәтижелерін көре алады.


4. Конкурсты өткізу

10. Үміткерлер мен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау, қауіпсіз жағдай жасау жауапкершілігі БИЛ басшысына жүктеледі.
10.1. Конкурс басталғанға дейін БИЛ-ге ұсынылады:
– қабылдау комиссиясы туралы бұйрық шығару, емтихан кезінде оқытушылардың кезекшілік кестесін жасау;
– санитарлық нормалар мен әлеуметтік қашықтықты сақтау туралы педагогтармен және қызметкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
– қызметкерлердің жұмысқа шығу кестесін жасау;
– ата-аналармен санитарлық нормаларды сақтау және конкурс кезінде әлеуметтік қашықтық туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
– қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында келушілерді үнемі бақылау.
10.2. Ата-аналарға (немесе өзге заңды өкілдерге):
– сенімді ақпарат беру арқылы конкурсқа қатысу үшін үміткерді тіркеу;
– кез келген аурудың белгілері бар Үміткерді емтиханға алып келмеу;
– Үміткерді бетпердемен қамтамасыз ету;
– Үміткерді белгіленген емтихан уақытынан ертерек алып келу және емтихан аяқталғаннан кейін бірден алып кету.
10.3. Санитарлық-дезинфекциялық тәртіпті сақтау алгоритмі:
– лицейлерде қызметкерлердің, келушілердің, Үміткерлердің қолын өңдеуге арналған тері антисептиктері көзге көрінетін және қол жетімді орындарда орнатылу;
– жедел респираторлық инфекциялар (қызба, жөтел, тұмау) және басқа жұқпалы аурулардың белгілері бар қызметкерлер жұмысқа жіберілмеу;
– емтихан өтетін оқу сыныптарында залалсыздандыру (дезинфекциялау) құралдарын қолдана отырып, өңдеу жүргізілу;
– есік тұтқаларын, баспалдақ таяныштарын, терезе алды тақтайларын, санитарлық-техникалық жабдықтарды дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, бір күн ішінде екі рет өңдеу жүргізілу;
– жеткілікті мөлшерде дезинфекциялық және жуғыш құралдар, антисептиктер болу;
– ауыз су режимін сақтау (бір реттік стақандар);
– қабылдау комиссиясының мүшелерінде, кабинет пен қабаттар бойынша кезекшілерде, күзет қызметкерлері мен техникалық персоналдарда бетперделер, қолғаптар болу;
– оқушыларды кабинетке отырғызу, әлеуметтік қашықтық шарттарымен жүргізілу.
10.4. Емтиханға үміткерлерді жіберу бойынша:
– лицей фойесінде әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін едендік белгілер орнатылу;
– оқушылардың температурасын түйіспеусіз өлшеу термометрлермен тексерілу;
– қабаттар бойынша кезекшілер емтихан рұқсатнамасының мәліметтеріне сәйкес, Үміткерлерді кабинеттеріне өткізу;
– емтихан аяқталғаннан кейін, кезекші Үміткерді кабинеттен лицей фойесіне дейін шығарып салу.

5. Конкурс нәтижелерін қайта қарау тәртібі

11. Үміткер конкурстық тапсырмалардың есептеу нәтижесіне келіспеген жағдайды, Апелляциялық комиссия төрағасының атына қабылдау емтиханының нәтижелерi жарияланған соң, келесi күнi сағат 10.00-ден бастап апелляцияға онлайн түрде өтiнiш бере алады. Апелляциялық комиссия өтiнiшті берген күннен бастап бiр күн iшiнде сағат 17.00-ге дейiн қарастырады. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы және облыстардағы жергілікті БИЛ-ге қабылдау комиссиясының шешімі бойынша Апелляция комиссиясының қорытындысы жарияланады.
12. Қабылдау емтихандары кезінде бірыңғай талаптардың сақталуын қамтамасыз ету және даулы мәселелерді шешу мақсатында төрағадан және кем дегенде комиссияның екі мүшесінен тұратын Апелляциялық комиссия құрылады.
13. Аппеляциялық комиссияның құрамы БИЛ директорының бұйрығымен бекітіледі.
14. Апелляциялық комиссия Үміткердің қабылдау емтиханының нәтижелерімен келіспеуіне байланысты арыздарын онлайн түрде қабылдайды және қарастыруға жібереді.
15. Апелляциялық комиссияға төмендегі сұрақтар бойынша шағым қабылданбайды:
15.1. Тест тапсырмаларының мазмұны мен құрылымы бойынша;
15.2. Тест тапсырмаларын орындау кезінде Үміткерден талап етілген жалпыға бірдей міндетті тәртіп ережелерін бұзуы бойынша;
15.3. Тестілеу кезінде Үміткердің Жауап парағының бланкілерін дұрыс толтырмаған жағдайда.
16. Апелляция барысында конкурстық тесттік тапсырмалардың қорытындысының дұрыс бағалануы тексеріледі. Емтиханды қайта тапсыруға рұқсат етілмейді.
17. Апелляциялық комиссия конкурс нәтижесін өзгеріссіз қалдыру немесе өзгерту туралы шешім қабылдай алады.
18. Аппеляциялық комиссия Үміткерге не себепті ұпай қосылғандығы/немесе қосылмағандығы туралы Орталық конкурстық комиссияға ақпарат береді.
19. Апелляция қорытындысы туралы апелляцияға өтініш берген Үміткерге (немесе үміткердің ата-анасына немесе өкілетті тұлғаға) хабар беріледі.

6. БИЛ-ге оқушы қабылдау тәртібі

20. БИЛ-ге оқуға қабылдау конкурсқа қатысу нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.
21. Конкурстың нәтижесін қорытындылау уақытысында екі Үміткердің ұпай сандары бірдей болған жағдайда, төменде көрсетілген (алғашқы саты бойынша) Үміткерлерге басымдылық беріледі:
1) Республикалық және Халықаралық пәндік олимпиадалар, спорттық жарыстар мен шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары;
2) Конкурстың екі кезеңінің қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған оқушы;
3) Ауылдық (аудандық) елді мекен білім беру ұйымының оқушылары.
22. Конкурстық іріктеуден кейін негізгі және резервтік тізімдер жасалып, қабылдау комиссиясының хаттамасының шешімімен рәсімделеді.
23. Қабылданатын БИЛ сынып-комплекттер санына қарай, қабылдау комиссиясы негізгі тізімді құрастырады. Резервтік тізімге ең жоғарғы балл жинаған үміткерлер тізімінен басқа, кему тәртібімен (10 адамнан кем емес) Үміткерлер кіргізіледі.
24. БИЛ-ге қабылданған Үміткер оқудан бас тартқан жағдайда, оның орнына резервтік тізімнен келесі тұрған Үміткер шақырылады.
25. Оқуға қабылдау туралы шешім педагогикалық кенес хаттамасымен рәсімделеді және БИЛ директорының бұйрығымен бекітіледі.

7. Қорытынды ереже

26. Осы Ережеде ескерілмеген, қарастырылмаған мәселелер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық құжаттары, ішкі құқықтық актілері мен жергілікті БИЛ-дің Жарғысында қарастырылғандар бойынша шешіледі.

 

Өтініш үлгісі

Просмотров страницы: 61126

Серіктестер