
Биылғы ҰБТ бұрынғыдан өзгерек. Бүгінде елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты түлектер ҰБТ-ға өтініштерін онлайн өткізіп, 11 жылдық білімді түйіндейтін тестке қызу дайындық үстінде. Сынақ мерзімі жақындаған сайын оқушыларымыздың уайымы жиіленетіні сөзсіз. Осы тұста 2019 жылы «Білім-Инновация» лицейлері арасында ҰБТ-дан ең жоғары 138 балл жинаған павлодарлық Белгибаева Аружан биылғы түлектерге кеңесін берді.
«ҰБТ – біздің мақсатымызға жетудегі кішігірім ғана сынақ», – дейді Павлодар «Білім-инновация» лицейінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Белгибаева Аружан. Тынымсыз еңбек пен табанды ізденістің арқасында жоғары нәтижеге жеткен түлек, қазір Алматы қаласындағы КИМЭП универстетінде білім алуда.
«Лицей – маған тек білім беріп қана қоймай, сондай-ақ адам болып қалыптасуыма өте үлкен үлес қосты. Лицейдегі ұстаздардың өз ісінің маманы болуы, оқушылардың білім алуға деген құштарлығы менің оқуға деген махаббатымды оятты. ҰБТ-дан жоғары ұпай жинауым, ұстаздарымның берген білімі мен өз еңбегімнің жемісі», – дейді студент.
«Қазіргі таңда бәсекеге қабілетті болу үшін ерекше білімді болу маңызды. Ол үшін жаңа ақпаратты игеруге әрқашанда құлшынып тұру керек. Көп оқып қана қоймай, алған білімін шынайы өмірде де қолдана білген дұрыс. Уақытты ерекше бағалап, әрбір секундты пайдалы өткізуге тырысамын. Алға қойған мақсатым көп. Мақсатымды шындыққа айналдырудағы құлшынысым одан да үлкен. Артымнан келе жатқан бауыр-сіңілдеріме айтарым, көп армандаңыздар. Бірақ армандарыңды мақсатқа айналдыруды еш ұмытпаңыздар! Мақсаты бар адам әрқашан жетістікке жетеді», – дейді ол.
ҰБТ-ға дайындық кезінде Аружан ұстанған негізгі 4 қағида:
- Өз уақытынды тиімді пайдалану. Уақытты үнемдей білген ел ұтады. Әр күніңнің сағаты жоспарланған болуы керек және сол жоспарды бұлжытпай орындауға тырыс. Бұл жерде Pomodoro техникасын ұсынғым келеді. Интернеттің көмегіне жүгінсек, бұл тәсіл адам зейінінің шоғырлануына көмектеседі. Ол үшін алдымен жасалынатын жұмыстар тізімін жасау керек. Содан кейін таймерді 25 минутқа қойып, жұмысты орындауға кірісеміз. 25 минут өткен соң, 5 минут демалыс жасау маңызды. Осылай 25 минут жұмыс үстінде болып, 5 минут демаламыз. Бұл адамның өзін-өзі бақылап, уақытты тиімді пайдалануына көмектеседі.
- Курстарға жазылу. Мектеп бағдарламасынан басқа қосымша сабақтарға барған жөн. Көптеген оқу орталықтары ҰБТ-ға қажетті ақпаратты беріп, жалпы 11 жыл бойы өткен тақырыптарды еске алуға көмектеседі. Бұл жерде басқа балалармен қатар оқып, алған білімдеріңізбен өзара бөлісе аласыңыздар.
- Өз пікірлесіңді табу. Лицейде оқып жүргенде, географтар жеке топ болып бөлініп, ақпаратты бірге үйренуге тырысатынбыз. Тіпті жан-жағымызға түрлі карталарды іліп, глобусты ортаға қойып қоятын едік. Осылай өзімізше чалышма атмосферасын жасайтынбыз. Бір-бірімізге білмейтінімізді үйретіп, тест жұмыстарын жазатынбыз. Бұл ақпаратты жақсы есте сақтауға көмектесті.
- 11-ші cыныпты тек тестке дайындалуға жұмсамау. Адам баласы өз миын әрқашанда жаңа мағлұматпен қоректендіріп отыруы керек. Ол үшін көп кітап оқыңдар! Өзім Брайан Трейси, Дейл Карнеги, Харви Маккей, Роберт Кийосаки, Грег Мортенсон, Роджер Дули, Девид Шварц секілді авторларды сүйіп оқимын. Мүмкін бұл авторлардың еңбектері сендерге де ұнап қалар. Мен сенің ҰБТ-дан сүрінбей өтуіңе тілектеспін! Тек өзіңе сен! Сенің қолыңнан барлығы келеді.
Просмотров страницы: 648