
8-ақпан, Алматы қаласы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Білім-инновация» лицейлерінің оқушылары арасында «Көңілді Тапқырлар Лигасының» Президент кубогы өтті.
Өнер кешіне еліміздің әр аймағынан үздік шыққан 10 мектептің командалары яғни, Ақтау, Орал, Қостанай, Жезқазған, Тараз, Шымкент, Есік, Талдықорған, Семей және Павлодар қалаларындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының өнерлі жастары қатысты.

Тапқырлығы мен әзілдері жарасқан жастардың ойынына «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ХҚҚ-ның президенті – Дархан Өте, белгілі тележурналист, Жамбыл телеарнасының бас директоры, ҚР Президенті сыйлығының иегері – Мейіржан Әлібекұлы, танымал режиссер, сценарист, продюссер – Алишер Утев, жас блогер, режиссер – Қыран Талапбек, “EduCon” компаниясының сапа және бақылау бөлімінің басшысы – Омархан Бабахан және «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ХҚҚ-ның вице-президенті – Нұрбол Төлебаев төрелік етті.

Ойынның қорытындысы бойынша, Шымкент «Білім-инновация» лицей-интернатының өнерпаздары, «Тентек қошқарлар» командасы Президент кубогының иегері атанып, 150 000 теңгелік сертификатқа ие болды. Жеңімпаздар сәуір айында елордамызда өтетін финалдық ойында өнер көрсетеді.
Сонымен қатар, Көңілді Тапқырлар Лигасының өтуіне демеушілік еткен «Nova education» білім беру орталығы команда капитаны Жунусов Санжарға 380 000 теңгелік сертификат табыстады. Ал Тараз «Білім-инновация» лицейінің оқушысы Кендірбай Бақдәулет «Үздік ойыншы» номинациясының иегері атанды.

Естеріңізде болса, өткен жылғы финалдық ойында жеңімпаз атанған команда ақшалай сыйлығын ауыр дертке шалдыққан «Білім-Инновация» лицейінің түлегі, Назарбаев университетінің студенті Азизат Гильмееваның еміне табыстаған болатын. Осы жолғы ойында «Білім-Инновация» ХҚҚ-ы Қостайда қызмет бабында өз өмірінің құнымен, бір отбасын аман алып қалған Дархан есімді полиция қызметкерінің отбасына көмек қолын созып, артында қалған 6 айлық ұлының болашақта білім алуына қаржылай көмек көрсететінін жеткізді.
Сондай-ақ бұл кешке 1-3 қатардан, яғни 15.000 теңгелік VIP билет сатып алған көрермендер арасында iPhone 11 Pro телефоны ойнатылып, арнайы футболка сыйға берілген болатын. Жаңа iPhone жеңімпазын анықтауға «Әлем мұғалімі-2020», Гиннес рекордтар кітабына енген ұстазымыз Муаммер Гүл қатысты. Сыйлықтың иегері Ақсай «Білім-инновация» лицейінің түлегі – Асхат Бөбей атанды.

Көңілді Тапқырлар Лигасының жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан ұстаздарымыз бен оқушыларымызға, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетіне және EduCon компаниясына алғыс білдіреміз!
Просмотров страницы: 296