Біз осы заманғы білім беру жүйесінсіз, әрі алысты барлап, кең ауқымды ойлай білетін осы заманғы мұғалімдерсіз инновациялық экономика құра алмаймыз!

Республикалық: 2924
Облыстық: 13536
Халықаралық: 4002
басты бетке

Астанада республикалық «Kazakhstan Robotics Challenge 2019» робототехника сайысы өтті

Жыл сайын «Білім-инновация» Халықаралық қоғамдық қоры Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің қолдауымен оқушылар арасында «Kazakhstan Robotics Challenge» робототехника сайысын өткізіп келеді.

Білгірлердің бәсекесі осымен Астанада төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылығы шараның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Өрсариев Арын Амангелдіұлы, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы директорының орынбасары Каринова Шолпан Танатқызы, Астана Халықаралық университетінің вице президенті Жолаев Рахымбек Қуатбекұлы, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Шолпан Қирабаева, Google компаниясының инженері Абзал Сереков және тағы да басқа қонақтар қатысты.

KRC 2019 – Қазақстанның бүкіл облысындағы мектеп оқушыларының робототехника саласы бойынша талдамалық және дизайнерлік дағдыларын көрсетуге мүмкіндік беретін бірегей алаң.

Аталмыш  сайыстан үздік шыққан оқушылар “Infomatrix” халықаралық жарысына жолдама алса, жарысқа қатысушы 11-сынып жүлдегерлеріне Астана Халықаралық университетінің оқу гранты беріледі.  

Республикалық шараға 170 команда, барлығы 270-тен астам оқушы қатысып, 7 санат бойынша бақ сынады. Олар: Lego Mission (5 минут ішінде берілген 6 тапсырманы орындау), Lego Mini Sumo (салмағы 1 кг-ға дейінгі роботты аренадан ығыстырып шығару), Lego Grand Sumo (салмағы 2 кг- ға дейінгі роботты аренадан ығыстырып шығару), Lego Labyrinth (лабиринттің соңына дейін жылдам жету), Arduino Hackathon (роботтармен басқарылатын радиомашина құрастыру), Coding Hackathon for ladies және соңғысы mBot Football Tournament (роботтар футболы).

Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Өрсариев Арын Амангелдіұлы:

«Республикалық деңгей өтіп жатқан робототехника сайысы біздің болашағымыз саналатын жастар үшін керемет мүмкіндік деп ойлаймын. Осындай іс-шараларда жаңа әрі креативті идеялар пайда болады. Әрине, қандай да бір жаңашылдық еліміздің дамуына өз септігін тигізеді. Алдағы уақытта жастар осындай жобаларды әрі қарай дамытып, өз елімізден Стив Джобс, Илон Маск секілді тұлғалар шықсын деген ниеттеміз», – дейді.

 Дарынды қыз балаларға арналған Алматы «Білім-инновация» лицейінің 8-сынып оқушылары Диана Умирзакова, Алина Новикова:

«Біз жарысқа биыл бірінші рет қатысып отырмыз. Жарыста mBot Football Tournament (роботтар футболы) бөлімі бойынша бақ сынаймыз. Қарсыластарымыз осал емес. Өйткені көбісі жақында Тараз қаласында өткен осындай жарысқа қатысып, тәжірибе жинақтаған. Алайда, біз жеңіске құштармыз», – дейді.  

Мектеп оқушыларының робототехника саласы бойынша талдамалық және дизайнерлік дағдыларын көрсетуге мүмкіндік беретін бұл шараға Лондондағы Google компаниясының инженері, Қызылорда «Білім-инновация» лицейінің және Назарбаев Университетінің түлегі Абзал Сереков қатысты.

Абзал Сереков
Лондондағы Google компаниясының инженері

«Алғашқы жылдары бұл байқауда бір ғана категория болатын, қазір ол 7 санатқа өскен. 2016 жылы алғаш байқау басталған кезде 30-ға жуық команда болса, қазір 100-ден астам команда бар. Бұл сайыста барлық хакатондардан қыз балаларға арналғандары ең қызықты секілді. Қазіргі уақытта бүкіл әлем әйелдер робототехникасын жақсы дамытуды қалайды. Қазақстанда мен бұндай категорияны алғаш көріп тұрмын. Еліміздің дұрыс бағытта дамып жатқанына өте қуаныштымын. Мен жастарға бос уақытты әлеуметтік желілерге емес, білімге, өзін-өзі дамытуға жұмсауға кеңес беремін. Бұл жарыстарға жиі қатысу керек, өйткені пайдасы мол. Себебі, олимпиадаға дайындалу кезінде бос уақытыңызды жұмысқа, білімге жұмсайсыз және бұл үлкен компанияларда жұмыс істегіңіз келгенде сізге көмегін тигізеді», – дейді ол.

Сайыстың қорытындысы бойынша, алтын медальді  Талдықорған, Тараз, Астана, Қарағанды, Көкшетау, Ақтау және Жаңаөзен қалаларынан келген оқушылар иеленді.

Просмотров страницы: 183

Серіктестер