
14-желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласындағы «NURORDA» мектеп-лицейінде, ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Білім-Инновация» Халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен еліміздегі білім беру ұйымдарының ата-аналарына арналған «Ата-ана, ұстаз, оқушы: болашаққа бағытталған ынтымақтастық» атты Республикалық форум өтті.
Республикалық форумның ашылу салтанатына ҚР Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі – Каринова Шолпан Таңатқызы, Бурабай аудандық мәслихат хатшысы – Бейсенов Өтелбай Төлеуұлы, «BTS Digital» компаниясы білім орталығының басшысы – Саясат Нұрбек, «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті – Есен Елукен, Қарағанды облыстық мәслихаттың депутаты – Алтынбеков Бекзат Қомарұлы, №73 мектеп-лицей директоры – Құралай Амангелдіқызы және еліміздің әр аймағынан жиналған 300-ден астам ата-ана мен ұстаз қатысты.
Баланың жан-жақты дамуына жағдай жасау үшін мектеп пен отбасының ынтымақтастығын арттыру, ата-аналарды білім саласындағы жаңа озық трендттермен таныстыру, балаларды тәрбиелеуде ата-аналардың педагогикалық және психологиялық сауаттылығын арттыру және құндылықтарға негізделген білім беру әдіс-тәсілдердің ерекшеліктерімен таныстыру идеясын насихаттауды мақсат тұтқан форумның ерекшелігі ашық әңгіме, пікір алмасу түрінде өтуінде.

Өнегелі ұрпақ тәрбиесі білім ордасының бір бағытта жұмыс істеуінен басталады. Ата-ана мен мұғалімдер арасындағы байланысты нығайту – саналы ұрпақ тәрбиелеудің басты кепілі. Осы бағытта еңбек етіп жүрген белсенді ата-аналарымыз форум барысында алғыс хаттармен марапатталды.
Салтанатты шарадан соң ата-аналар мен ұстаздар тренингтерге қатысып, бала тәрбиесіндегі ата-ана рөлі, жеке тұлғаның жан-жақты дамуын қалыптастыруда ата-аналарға психологиялық-педагогикалық көмек көрсету секілді өзекті тақырыптарды ашық әңгіме алаңында талқылады.

Семей «Білім-Инновация» түлегі, қазір осы лицейлердің ата-анасы Саясат Нұрбек «Жаңа мамандықтардың атласы» тақырыбында сөз қозғап, мамандықты дұрыс таңдау мен еңбек нарығын түсіну жайлы ойларымен бөлісті.
«USTAZ PLC» кәсіби жетілдіру орталығының академиялық директоры Нұрлан Имангалиев қазіргі ақпараттық технологиялар дамыған заманда оқушы, ұстаз және ата-ана әлеуметтік желілерді дұрыс қолданып, медиасауатты болу керектігін алға тартады.

Кәсіби отбасылық психолог – Ержан Мырзабаев өмірдің барлық алаңдарында технологияның сіңіп кетуі мен әртүрлі мағлұматтың қол жетімді болуына байланысты, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынаста эмоциялық жақындықтың маңызды екеніне тоқталды.

«Менің өмірімдегі алғашқы миллион» тақырыбымен Нұр-Сұлтан қаласы дарынды ер-балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының математика пәні мұғалімі, «Үздік мұғалім – 2019» Муаммер Гүл олимпиадаға дайындық пен бірегей жетістіктер мен нәтижелер туралы сөз қозғады.

«Білім-Инновация» ХҚҚ-ның кәсіптік бағыт-бағдар беруші Азамат Тулепбергенов балаға кәсіптік бағыт-бағдар беруде мотивация ғана жеткіліксіз екенін алға тартады. Өйткені, мотивация тек бір істі бастауға ғана септігін тигізеді. Ал баланың бойында қалыптасқан әдет, тәртіп оны жетістікке жеткізуі әбден мүмкін.

«R4 Technology&Research Centre» басшысы Айдын Тусюбжанов «Жаңа білім берудің экожүйесі» тақырыбында қазіргі білім беру жүйесінің жаңа тренді STEАM білім беру жүйесі мен IT саласы бойынша ақпараттармен бөлісті.

XXI ғасыр жасөспірімдерінің қызығушылығы қандай? Қазақстандағы және әлемдегі ең мықты жоғары оқу орындары неге белгілі емтихандарды ғана қабылдайды? IELTS емтиханына дайындалудың ең қысқа жолы, дағдыны тексере отырып тіл үйрену, сөйлеу және жазу дағдыларын дамыту секілді тақырыптарға «Білім-Инновация» ХҚҚ-ның ағылшын тілі пәні әдіскері Ернар Сарбасов жауап берді.
Форумның екінші бөлімінде еліміздің әр аймағынан жиналған ата-аналар өздерінің мектептеріндегі аналар, әкелер және қамқорлық кеңестерінің жұмыстарымен таныстырып, жыл бойы оқушылармен бірге өткізген түрлі іс-шараларымен алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Жалпы екі әлеуметтік институт бар. Ол – мектеп және ата-ана. Көп уақыт, әсіресе кеңестік кезеңде, осы екі әлеуметтік институт бір-біріне қарсы болды. Қазір бұл екеуі бір жақта, бірігіп жұмыс істеуде. Осы өтіп жатқан форум соның айғағы. Ата-ана өзінің асылын мектепке аманат етіп алып келеді. Сондықтан, бала бәрімізге ортақ. Елімізде «Білім-Инновация» лицейлері ашылғаннан бері, ондағы оқушылардың ерекше тәрбиелі әрі білімді екенін көріп келеміз. Оның құпиясы ата-аналарымен өте ынтымақтаса жұмыс істеуінде екен. Осы тәжірибені көріп, бізде сол бағытта жұмыс істей бастадық. Ең әуелі мектепке келген ата-аналарды жылы шыраймен күтіп алуды үйреніп, мектептің атмосферасын өзгерттік. Кейін үзіліс уақытында баланың бос жүрмей, уақытын тиімді пайдалану үшін мектеп қабырғасынан кітап оқитын бұрыштар жасай бастадық. Қазір мектептің әр қабатында, әр бұрышында балалардың жас ерекшеліктеріне сай кітаптар бар. Әрине бұл ата-аналарымыздың қолдауымен жасалынған дүние. Сондай-ақ, ата-аналарымыз балаларына үлгі болып, түрлі әдеби, спорттық іс-шараларға қатысады. Осылайша біз ата-аналарымыздың өте үлкен қолдауын сезінудеміз», – дейді №73 мектеп-лицей директоры – Құралай Амангелдіқызы.
Просмотров страницы: 1548