
8 ақпан, Алматы қаласы, Сулейман Демирель атындағы университетінде ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Білім-Инновация» Халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен еліміздегі білім беру ұйымдарының ата-аналарына арналған «Ата-ана, ұстаз, оқушы: болашаққа бағытталған ынтымақтастық» атты республикалық форум өтті.
Форумның ашылу салтанатына еліміздің әр аймағынан 400-ге жуық ата-аналар мен ұстаздар, «Білім-Инновация» ХҚҚ президенті Дархан Өте, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Ақан Әбдуәлиев, Физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстан ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев, Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева және Сулейман Демирель университетінің ректоры Қуаныш Ерғалиев қатысты.

Баланың жан-жақты дамуына жағдай жасау үшін мектеп пен отбасының ынтымақтастығын арттыру, ата-аналарды білім саласындағы жаңа озық трендттермен таныстыру, балаларды тәрбиелеуде ата-аналардың педагогикалық және психологиялық сауаттылығын арттыру және құндылықтарға негізделген білім беру әдіс-тәсілдердің ерекшеліктерімен таныстыру идеясын насихаттауды мақсат тұтқан форумның ерекшелігі ашық әңгіме, пікір алмасу түрінде өтуінде.
Салтанатты шара барында бірқатар белсенді ата-аналар алғыс хаттармен марапатталды.

Форумның екінші бөлімінде ата-аналар «USTAZ» білім беру орталығының академиялық директоры Нұрлан Имангалиевтың, кәсіби отбасылық психологы Ержан Мырзабаевтың, Нұр-Сұлтан қаласы дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты директорының орынбасары Достан Сегізбаевтың, NURORDA мектеп-лицейінің кәсіптік бағдар берушісі Данияр Измайловтың, Нұр-Сұлтан қаласы дарынды ұл балаларға арналған «Білім-инновация» лицейінің математика пәні мұғалімі, «Үздік мұғалім-2019» марапатының иегері Муаммер Гүлдің және «R4 Технология компаниясының директоры» Айдын Тусюбжановтың тренингтеріне қатысты.
Просмотров страницы: 216