Жаңа оқу жылының қарсаңында, тамыздың 5-14 күндері аралығында «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» Халықаралық қоғамдық қоры және «edLight Education Support Center» ЖШС-нің ұйымдастыруымен, «Білім берудегі цифровизация жəне қашықтан оқытудың тиімді əдістері» атты пән мұғалімдеріне арналған онлайн семинар өтті.
Онлайн семинарға биология, физика, химия, информатика, математика, география, тарих, қазақ тілі, ағылшын тілі, түрік тілі, дене шынықтыру пәндерінің мұғалімдері, барлығы 800-ге жуық ұстаз қатысты. Семинар стриминг форматында, ZOOM платформасында өткізілді.

Семинар барысында ұстаздар құндылықтар негізінде білім беру, құндылықтарды пәндерге байланыстыру, жаңа оқу жылында онлайн сабақтар форматы, онлайн сабақтарды ұйымдастыру және оқушыларды бағалау үрдісі секілді тақырыптарда білімдерін жетілдірді. Сондай-ақ ұстаздарға теориялық білімдерін практикалық жұмыстарымен бекітіп алуға мүмкіндік жасалды.
Бахтияр Ерметов, «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» Халықаралық қоғамдық қорының әдіскері:
– «Жыл сайын дәстүрлі форматта өткізілетін семинар биыл қашықтан өткендіктен, біз онлайн технологияның бар мүмкіндіктерін пайдалануға тырыстық. Мысалы ұстаздарымызға шетелдік тренерлер дәріс оқып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Информатика пәні мұғалімдеріне Польшадан мамандар сабақ берді. Жаңа оқу жылында мұғалімдер стриминг арқылы онлайн сабақ түсіндіретіндіктен, семинар барысында өздерін оқушылардың орнына қойып сабақтарға қатысты. Осылайша қашықтан оқытуға тәжірибе арқылы дайындық жасады».
Аян Сәбитов, Ақтөбе «Білім-Инновация» лицейі, қазақ тілі пәні мұғалімі:
– «Қашықтан өткізілген семинардың үлкен ұтымды тұсы – лицейлердің пән мұғалімдерінің барлығын қамтуында деп білемін. Бұрынғы жылдары Елордамызда немесе Алматы қаласында өткізілген семинарларға пән мұғалімдерінің барлығы бірдей бара алмайтын. Биылғы жылы барлық лицейден пән мұғалімдері қатысып, өздерін толғандырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды, кеңінен пікірлесу жүзеге асты», – дейді.
Семинардың қорытындысы ретінде 14 тамыз күні ұстаздарымыз ҚР Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетовпен өткен онлайн кездесуге қатысты.

Эфир барысында ҚР Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов мұғалімдерге жаңа 2020-2021 оқу жылының жаңалықтарын таныстырып, қазіргі жағдайда халықаралық олимпиадаларға қатысып жүрген БИЛ оқушыларының жетістіктеріне, құндылықтар негізінде білім беру және қашықтан оқыту кезінде тәрбиенің басты назарда болу керектігіне тоқталды.
Сондай-ақ «Білім-инновация» лицейлеріне оқушыларды қабылдау процесі әділ және ашық өтетіндігін атап өтіп, лицей ұстаздарының еңбегіне алғыс білдірді.
Просмотров страницы: 916