Біз осы заманғы білім беру жүйесінсіз, әрі алысты барлап, кең ауқымды ойлай білетін осы заманғы мұғалімдерсіз инновациялық экономика құра алмаймыз!

Республикалық: 2924
Облыстық: 13536
Халықаралық: 4002
басты бетке

Елордада World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиадасының халықаралық деңгейі өтті

World Scholar’s Cup Global Round 2019 ашылу салтанаты. Нұр-Сұлтан қаласы. Жастар театры. 9 шілде. 2019 жыл.

9-12 шілде аралығында Елордадағы Spectrum Халықаралық мектебінің ұйымдастыруымен Жастар театрында World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиадасының халықаралық деңгейі өтті. 

20-ға жуық елден келген оқушылар 4 күн бойы түрлі академиялық сайыстарда бақ сынады. Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан олимпиаданың халықаралық деңгейіне Орталық Азия, Еуропа, Үндістан, Пәкістан және басқа да елдерден жалпы саны 215 білімпаз қатысты.

World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиадасының халықаралық деңгейінің ұйымдастырушылары.

«World Scholars Cup» – әлемнің 40 елінде жыл сайын ұйымдастырылатын халықаралық академиялық жарыс. Жасөспірімдерге арналған дүниежүзілік олимпиада Йель университетінің көмегімен өткізіліп келеді. Олимпиада зияткерлік байқаулар, жарыстар, пікірталастар және ғылым мен өнердің түрлі салаларына арналған шығармашылық жұмыстардан тұрады. 

World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиадасының халықаралық деңгейінің қатысушылары. Нұр-Сұлтан қаласы. Жастар театры. 9 шілде. 2019 жыл.

“Бүгін Нұр-Сұлтан қаласына World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиадасының халықаралық деңгейін өткізу үшін жиналып отырмыз. Қатысушылар әлемнің түкпір-түкпірінен келгендіктен оқушыларға өз дәстүрлерін көрсетуге мол мүмкіндік қарастырылған. Білімпаздардың бір-бірінен үйренері де көп деген ойдамын. Оман және Кения секілді ұзақтан келген қатысушыларымыз бар. Орталық  Азия мен Еуропа, Үндістан мен Пәкістаннан да көптеген оқушы келді. Бұл түрлі мемлекеттер мен дәстүрлердің байланысы. Нақты саны 215 қатысушы бар. Бұл жиын оқушылардың бір-бірін тануына, әлемде дос табуына үлкен мүмкіндік”, – деді олипиаданың ұйымдастырушысы Жозеф Уиллард Хар. 

Жозеф Уиллард Хар. World Scholar’s Cup ұйымдастырушысы.

Олимпиаданың екінші күні оқушылар литература, музыка және өнер, ғылым, қоғамдық ғылымдар, тарих, еркін тақырыптарға материалдар мен кітаптарды пайдалана отырып дайындалды. Дайындық аяқталған соң арнайы тақырыптарға тест жазды.

Дебат бөлімінде 3 оқушы бір топқа бірігіп тақырыпқа сай пікірсайыс өткізді. Тартысатын тақырыптардың дені логикалық. Сонымен қатар, білімпаздар шығарма жазып, викториналық сұрақтарға жауап берді. Нәтижелердің барлығы есепке алынып олимпиаданың соңғы күні жабылу салтанатында белгілі болады.

World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиадасы халықаралық деңгейінің екінші күні Мәдени көрмемен аяқталды. Ал, үшінші күні Нұр-Сұлтандағы Жастар театрында жалғасын тапты. 

12 шілде күні Нұр-Сұлтандағы Жастар театрында 4 күнге созылған World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиадасының халықаралық деңгейі аяқталды.

Олимпиаданың Қазақстандағы басты ұйымдастырушыларының бірі Spectrum халықаралық мектебі қарайтын Білім Орда ХҚҚ-ның президенті Дарханбек Қожабеков барша қатысушылар мен ұйымдастырушыларға алғыс айтты.

Білім Орда Халықаралық қоғамдық қорының президенті Дарханбек Қожабеков.

“Құрметті олимпиадаға қатысушылар мен ұйымдастырушылар! Аталмыш білімпаздар сайысын өткізіп жатқанымызға қуаныштымыз. Қазақстанның білім саласында 25 жылға жуық қызмет еткен біздер үшін оқушыларымыздың осындай және басқа да үлкен жарыстарға  қатысқаны өте маңызды. Сонымен қатар, осында келген әрқайсыңызға 20 елден келген 220 оқушыға және олардың ата-аналарына алғысымды айтамын. Осы олимпиада барысында кейбір қатысушыларда виза мәселесі туындағанын білеміз. Алдағы уақытта мұндай кемшіліктердің туындамауын қамтамасыз ететін боламыз. Бұл олимпиаданың маңызды тұсы жаңа дос тапқандарыңыз. Енді әлемнің 20 елінде достарыңыз бар. Болашақта баршаңызға тек табыс тілеймін. Достарыңыз көп болсын!”, – деді ол.

Ұйымдастырушылар марапаттау рәсімін жылдың ең үздік жаттықтырушыларына сыйлық табыстаудан бастады. Олар LAHORE GRAMMAR SCHOOL 1A1 SENIOR мұғалімі Sundoss Shad және THE INDIAN HIGH SCHOOL DUBAI мұғалімі Dr. Abhilasha Chaube. 

Жылдың ең үздік тренерлері Sundoss Shad және Dr. Abhilasha Chaube.

Марапаттау рәсімі аяқталар тұста Нұр-Сұлтан қаласындағы Білім Орда ХҚҚ-на қатысты Spectrum мектебі директорының халықаралық істер жөніндегі орынбасары Нұржан Әбілдахановпен сұхбаттастық.

Spectrum мектебі директорының халықаралық істер жөніндегі орынбасары Нұржан Әбілдаханов.

“Наурыз айында Spectrum халықаралық мектебі осы олимпиаданың аймақтық кезеңін өткізді. Сол кезде олимпиадаға жауапты болдым. Аймақтық кезеңге 700-ден астам бала қатысқан болатын. Осы жылы АҚШ-тағы олимпиада комитеті Қазақстанда халықаралық деңгейді өткізу жайлы ұсыныс білдірді. Біз мұны “Білім-инновация” ХҚҚ-мен бірлесе отырып ұйымдастырдық. Қазылар халықаралық деңгейден 20 оқушыны іріктеп АҚШ-тағы Йель университетінде өтетін финалдық кезеңге жібереді. Қазақстаннан 60 бала қатысса оның 40-ы Spectrum халықаралық мектебінен бақ сынады. Көрсеткіштер жаман емес. Оқушымыз Тамила Әбдірахманова 1-ші орын алды”, – деді ол.

Пәндік олимпиаданың барлық бөлімінен жоғары ұпай жинап, Da Vinci кубогын жеңіп алған Тамиланы біз де әңгімеге тарттық.

Тамила Әбдірахманова. Spectrum халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы.

“Осы олимпиадада Da Vinci Scholar атандым. Жарыс өте қызықты әрі тың ақпаратқа толы болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген дос таптық. Әсіресе Словениялық оқушыларға бауыр басып қалдық. Қатысушылардың барлығы бауырмал деп айта аламын. Ең алдымен бізге дос табуға үлкен мүмкіндік болды. Талай жаңа дүниелерден хабардар болдық. Бұйыртса Йель университетінде өтетін финалдық кезеңге қатысатын боламыз”, – деді білімпаз.

World Scholar’s Cup пәндік олимпиадасының келесі аймақтық кезеңі Нұр-Сұлтанда  2020 жылдың 25-26 наурызында өтетін болады.

Просмотров страницы: 19

Серіктестер