
4-5 қаңтар аралығында Нұр-Сұлтанда “Білім-Инновация” және “Білім Орда” Халықаралық қоғамдық қорына қарасты білім беру ұйымдарының оқушылары арасында, Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен кіші футболдан республикалық турнир өтті.

Дәстүрге айналған турнир биыл жетінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған 7-8 сынып оқушыларынан құралған 32 команда, барлығы 300-ден астам оқушы қатысты.

Шараның мақсаты – салауатты өмір салтын қалыптастыру, оқушылар арасында сыйластық, ұйымшылдық қарым-қатынас орнату және дене тәрбиесіне дайындықты күшейту.

Республикалық турнирдің ашылу салтанатында cөз алған Қазақстан футбол федерациясы бұқаралық футбол департаментінің директоры Ерлан Жамантаев, Білім және ғылым министрлігі, мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының міндетін атқарушысы Көптілеуова Бағым Әубәкірқызы және “Білім-Инновация” ХҚҚ президенті Дархан Өте қатысушыларға сәттілік тіледі.

Екі күнге созылған турнирдің қорытындысы бойынша, жүлделі 1-орын Нұр-Сұлтан қаласындағы дарынды ер балаларға арналған “Білім-Инновация” лицейінің құрамасына бұйырды. Жеңімпаз команда “Swiss Education Group”-тың арнайы сыйлығына ие болды. Алматылық және павлодарлық оқушылардан құралған командалар 2-орынға лайық деп танылса, Есік, Павлодар және Семей қалаларынан келген құрамалар 3-орынды иеленді.
Жеңімпаздарға кубокты Әлемдік футболдың жұлдыздарымен, ең танымал мотиватор Ник Вуйчичпен, футбол королі Диего Марадонамен тағы басқа танымал тұлғалармен кездескен ерекше бала, «NURORDA» мектеп-лицейінің оқушысы – Әли Тұрғанбеков табыстады. Сондай-ақ, Әли «Білім-Инновация» ХҚҚ-ның Президенті Дархан Өте Ермаханұлына Криштиано Роналдо қол қойған футбол формасын сыйға тартты.
Просмотров страницы: 532