
«Адамды даңққа бөлейтін екі қасиетті өнер бар: бірі – қолбасшылық, екіншісі – шешендік» – деп ұлы шешен-ділмар М.Т. Цицерон айтып кеткендей, жеке пікіріңді айналаңа, қоғамға жеткізе білу – үлкен өнер. Қиыннан қиыстыра, төтеден төге сөйлейтін тапқыр да ақылды, бейнелі де бедерлі сөйлеу кез келген жанның бойынан табыла бермейтін қасиет екені анық.

«Білім-Инновация» лицейлерінде де орынды жерде ойын жеткізе білетін, тыңдаушыны иландырып, көркемсөзді келістіре айта алатын жастар жоқ емес. Осындай оқушыларды анықтап, ораторлық өнерін дамытып, шешендік шеберлігін шыңдай отырып, шындық пен өзара сыйластыққа тәрбиелеу мақсатында, 7-8 қаңтар аралығында «Білім-Инновация» Халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, Орта Азиядағы «Swiss Education Group» және «Nova education» білім беру орталығының қолдауымен, дәстүрлі республикалық дебат сайысы өтті.

Пікір-сайыс жастардың ой-өрісін дамытып, жан-жақты дамуына жол ашатын интеллектуалдық алаң. Дебат – білім мен шешендік сыналатын, ертеңгі еліміздің дамуына үлес қосатын, тұлға болып қалыптасуына жан-жақты көмек беретін ойын.
Жарысқа «Білім-Инновация» және «Білім Орда» Халықаралық қоғамдық қорларына қарасты білім беру ұйымдарының оқушылары, жалпы 13 мектептен 28 топ, 50-ден астам оқушы қатысып, бақ сынады.

БПФ форматында өткен дебат турниріне Астана пікірсайысшылар альянсы мемлекеттік емес ұйымының мамандары төрешілік етіп, мықтыларды анықтады.
Дебат барысында қатысушы-майталмандар қазіргі заманның өзекті мәселелерін қозғап, оның шешу жолдарын іздеуге нақты қадамдар жасай білді. Жарыстың қорытындысы бойынша, Петропавл «Білім-Инновация» лицейінің «-40» командасы финалға жетіп, екі жыл қатарынан жүлделі 1-орынды иеленді. Жеңімпаз оқушыларымыз Ережепов Рахат пен Смайлов Таннурға «Swiss Education Group» дайындаған соңғы үлгідегі музыкалық колонка сыйға берілді.

Ал жүлделі 2-орын қарағандылық «BILgates» және алматылық «Қазақ айнасы», «Шабыт» командаларының қыздарына бұйырды. Жезқазған, Қарағанды және Нұр-Сұлтан қаласының командалары 3-орынға лайық деп танылды.
Дарынды қыз балаларға арналған Алматы «Білім-Инновация» лицейінің оқушылары Амирова Айгерім және Шаймуратова Фариза республикалық дебат турнирінің «Үздік спикерлері» атанып, «Nova education» білім беру орталығының 380 000 теңге көлеміндегі қызмет көрсету сертификатымен марапатталды.

Турнирдің әділ өтуіне атсалысып, төрешілік еткен Астана пікірсайысшылар альянсының мүшесі Азимбаева Маржан – «Үздік төреші» номинациясымен марапатталды.
Республикалық дебат турнирінің өтуіне атсалысып, жастарға қолдау көрсеткендеріңіз үшін, «Nova education» білім беру орталығы мен «Swiss Education Group»-қа, және Астана пікірсайысшылар альянсы мемлекеттік емес ұйымына алғысымызды білдіреміз!
Просмотров страницы: 287