Республикалық: 2924
Облыстық: 13536
Халықаралық: 4002
басты бетке

Оқушылар жаңа жобалардың, қызықты қосымшалардың, түрлі ойындардың бағдарламасын жасауды үйренді

18-21 ақпан күндері аралығында, Алматы қаласында «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ХҚҚ және «PR4You» ЖШС-нің ұйымдастыруымен, iOS және Android платформасына ұялы қосымшаларды жасауды үйренгісі келетін 7-9 сынып оқушыларына арналған «StartApp» хакатон өтті.

Әлемде технология көз ілеспес жылдамдықпен күн сайын жаңарып, даму үстінде. Болашақта елдің байлығы, даму көрсеткіші жер асты байлықтарының көлеміне қарай емес, заманауи технологияны қаншалықты игергендігіне, онымен жұмыс істеу әдетінің қалыптасуына байланысты болмақ. Бұл орайда, Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда негізгі 4 бағытты көрсетіп, бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін, елімізде IT-мамандарын даярлауға ерекше мән беру керектігін атап өтті.

Осы тұрғыда «StartApp» хакатонның жастарға берері мол. Өйткені еліміздің әр аймағынан жиналған 74 оқушы хакатон барысында оқушылар заманауи бағдарламалау тілі бойынша, Thunkable платформасы негізінде, жаңа жобалар мен қызықты қосымшалардың және түрлі ойындардың бағдарламасын жасауды үйренді. Сонда-ақ қатысушылар, төрт күн аралығында еліміздің барлық өңірінен жиналған оқушылар арасынан жаңа дос, пікірлес адамдар тауып, олармен бір командада жұмыс істеуге және жеке тәжірибелерін шыңдауға мүмкіндік алды.

«StartApp» хакатон жеңімпаздарын марапаттауға «Білім-Инновация» ХҚҚ-ның вице-президенті Нұрбол Тулебаев, Еуразия Технологиялық Университетінің ректоры Жанар Темірбекова, Сергек жобасының құрастырушысы, әлемнің 150 елінде ғаламдық желіге байланыстыратын роутердің құрастырушысы және де жобаның техникалық директоры Қайрат Ахметов, арзан әуе билеттерді онлайн режимде іздеу, брондау және сатып алу үшін арналған Santufei сервисінің негізін қалаушы әрі бас директоры Асхат Омаров және Еуразия Технологиялық Университетінің проректоры Вахап Одар қатысты.

Жарыстың қорытындысы бойынша, Junior бөлімінің жеңімпазы дарынды ұл балаларға арналған Астана «Білім-инновация» лицей-интернатының 7-сынып оқушысы – Исаах Ибрагим жүлделі 1-орынға ие болды. Жеңімпаздың қосымшасы лабиринт, түстерді анықтау және жылдам арифметика деген 3 кіші ойыннан тұрады.

Senior бөлімінің жеңімпаздары – «NURORDA» мектеп-лицейінің оқушысы Дінмұхамед Сыбайлас және дарынды қыз балаларға арналған Алматы «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы Сангина Абдурахманова. Бұл топ қоғамдық көлік пайдаланушыларына қолайлы жағдай жасау үшін, “Public transport” қосымшасын жасап шықты.  

Ал дарынды ұл балаларға арналған Кентау «Білім-инновация» лицей-интернатының “The best” командасы “Standout StartUp” номинациясын жеңіп алды. Ибадулла Бәйтерек пен Дүйсенбай Бахтиярдың жобасы “Alarm clock” деп аталады. Оқушылар ұйқыдан ерекше оятатын, арнайы ойыны бар оятқыш жобасын жасап, жергілікті кәсіпкерге сатып та үлгерді. Осылайша оқушылардың еңбегі еленіп,  керемет жұмыс деп бағаланды.

Жеңімпаздарымызды құттықтай отырып, Еуразия Технологиялық Университетіне алғысымызды білдіреміз!

 

Просмотров страницы: 320

Серіктестер