
8 мамыр күні, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» Халықаралық қоғамдық қоры ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен, «Ұрпаққа ұран болған ұлы ерлік» атты республикалық ғылыми-практикалық онлайн-конференция өткізді.

Республикалық ғылыми-практикалық онлайн-конференцияның мақсаты – тарихи сананы, ұлттық бірегейлікті, азаматтық белсенділікті қалыптастыру, жас ұрпақтың санасында Ұлы Отан соғысы туралы тарихи жадты сақтау; отаншылдыққа тәрбиелеу, жас зерттеушілердің тарихқа деген шығармашылық мүмкіндіктері мен кәсіби ынтасын арттыру.
ZOOM платформасында өткен онлайн конференцияға еліміздің барлық өңірінен 500-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында: «Білім-инновация» лицейінің оқушылары мен ұстаздары, жалпы орта білім беретін мектептердің 7-11 сынып оқушылары мен мұғалімдері, колледж және университет студенттері мен оқытушылары, тарих ғылымдарының докторы, профессорлары мен ғалымдары бар.
Конференция жұмысына ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Таңатқызы, «Білім-Инновация» ХҚҚ-ның президенті Дархан Ермаханұлы, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің тарих факультетінің деканы Тлеген Садықұлы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Аманкелді Нұркейұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы Айдос Сарым секілді т.б. тарих ғылымдарының докторлары мен профессор академиктер қатысып, соғыс жылдарында ерлік көрсеткен батыр бабаларымыз туралы естеліктер айтып, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтін деректермен бөлісті.
Өз кезегінде жас зерттеушілер аталмыш конференцияға ұсынған материалдарын ғылыми жетекшілерімен бірге қорғап, өзара пікір алмасты.
Конференцияның қорытындысы бойынша, үздік деп танылған жеңімпаздардың баяндамалары жинаққа жарияланып, қатысушылар арнайы дипломдар мен сертификаттармен марапатталды.
Просмотров страницы: 616