Республикалық: 2924
Облыстық: 13536
Халықаралық: 4002
басты бетке

«Жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту» облыстық фасилитация сессиясы

«Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер».

М.Жұмабаев

Ғылым мен техника қарқынды дамыған талабы күшті бүгінгі заманда жоғары интеллектуалды жастарды жан-жақтылыққа, рухани-адамгершілікке тәрбиелеу,  жеке тұлғалық қасиеттерін ояту, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіру, олардың потенциялдық деңгейінің көтерілуіне үлес қосу, бәсекеге қабілеттіліктерін шыңдау қажырлы еңбекті талап ететін іс.

Білім беру саласының осындай ең өзекті талабын орындау – әрбір ұлтжанды азаматтардың ел алдындағы қасиетті парызы әрі киелі міндеті. Осы орайда 2020-2050 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасына сай, ҚР Білім және ғылым министрі А.Қ. Аймағамбетовтың «Алғаш рет мемлекеттік бағдарламада тәрбие беру – отбасылық құндылықтарды насихаттау мәселесін мектеп пен ата-ана қатынасының жаңа форматын қалыптастырамыз. Құндылықтарға негізделген білім беруді іске асырамыз» деген идеясын іске асыру мақсатында, «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ХҚҚ ұсыныс-бастамасымен, Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы және №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының ұйымдастыруымен, 26-ақпан күні Қарағандыда «Жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту» тақырыбындағы облыстық фасилитация сессиясы өткізілді.

Іс-шара «Құндылықтарға негізделген білім беру» бағдарламасын «Білім-инновация» лицейлерінде апробациядан өткізу аясында жүргізілді. Сессияның мақсаты – білім алушылардың өзін-өзі басқара отырып, топтық жұмысты ұйымдастыруға бағытталған арнайы шығармашылық әрекеттерімен дұрыс әдісті табу, топқа жасампаз және нәтижелі жұмыс істеуге мүмкіндік беру.

Аталмыш шараға «Білім-инновация» лицейінің құрметті қонағы, ҚОББДОӘО-ның әдіскері – Қазиева Аңсаған Алпысбаевна, лицей директоры – Егенбердиев Қанат Әлімжанұлы қатысты.

Сессия барысында «Білім-инновация» лицейінің бетке ұстар ұстаздары қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Игенова Айгүл Ақмашқызы, Егінбаева Гүлзинат Әмірқызы, тарих пәнінің мұғалімі Жапабаева Меруерт Секербайқызы өздерінің педагогикалық идеялары мен тәжірибесімен бөлісті. Ұстаздарымыздың жетекшілігімен оқушылар инновациялық жолмен шығармашылық және жасампаздық жұмыстарын таныстырды.

«БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ХҚҚ-ның бас маманы Смаков Самат «Құндылықтарға негізделген мектеп» тренингін өткізді.

Сессия жұмысының барысына облыстың әр аймағынан келген ұстаздар қауымы да оқушылармен бірігіп жұмыс атқарды. Сессия 18 құндылыққа негіделген іс-шара жас ұрпақты жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдептерден сақтауды, әртүрлі өмірлік жағдайларда құндылықтарды тиімді қолданатын шығармашыл тұлғаны тәрбиелеуді көздеді.

Шығармашылық топ 125 оқушыны қамтыған сабақтастықтың инновациялық үлгісін көрсетті. 10-сынып оқушыларының көшбасшылығымен бекітіліп берілген құндылықтарды әртүрлі форматта ерекше ұсына білді. Оқушылармен бірлескен шығармашылық қоғамдастықты дамыту әрі шыңдау мақсатында, «Ізденіс зертханасының» салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Фасилитация сессиясы М.Жұмабаевтың «Педагогикасындағы» «тәрбиенің мақсаты – барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі – әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі – әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты» деген даналық ойға бағытталды.

Ұйымдастырушы ұстаздар әрбір оқушының бойына осы асыл қасиеттерді сіңіруде әр құндылықтың теориялық және тәжірибелік мазмұнын жан-жақты зерделеу жұмыстарын үлестіріп берді. Сондай-ақ, TEDх фоматында «Абайдың төртінші қарасөзіндегі күлкінің сыры» 11-сынып оқушысы Дінмұхамметұлы Жақсытілек, «Рухсыз білімнің зияны» 7-сынып оқушысы Мекентай Әбілмансұр, «Әл-Фарабидің рухани әлеміндегі «қайырымдылық қала түсінігі» тақырыбында Жаңабайұлы Саидамирдың ойлары мен тың идеяларына ұстаздар қауымы жоғары баға берді.

Сессия жұмысын қорытындылау барысында 18 құндылықтың топ мүшелерінің жұмыстарына жан-жақты талқылау жасалып, әлеуметтік желі арқылы рефлексия жасалды. Бағалаушы топ өкілдері жұмыстың нәтижесіне оң баға беріп, лицей ұжымына шығармашылық табыс тіледі.

Қорытындылай келе, баланы оқыту мен тәрбиелеудің майталман шебері болу үздіксіз, тынымсыз еңбек пен шығармашылық ізденістің жемісі. Бұл – бір адамның қолынан келмейтін күрделі іс. Баланы дұрыс тәрбиелеу үшін әр кісінің өз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың да тәжірибесімен танысу керек. “Өмірде ақылмен, әдіспен күресе білетін адам шығару, асса барлық адам баласын әділ жолмен өрге сүйрейтін ер шығару деген сөз. Түйінді мәселелерді тез шеше білетін, қиындықта қайратпен кеше білетін, адалдық жолға құрбан бола білетін, адамзат дүниесінің керек бір мүшесі бола алатын төрт жағы түгел кісі шығару”.    

«БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ХҚҚ жарғақ құлағы жастыққа тимей, тынымсыз еңбек етіп, жас өскелең ұрпақты білім мен тәрбие нәрімен сусындатқан Қарағанды облысы білім басқармасының №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының ұстаздар ұжымына, әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Игенова Айгүл Ақмашқызы, Егінбаева Гүлзинат Әмірқызы, тарих пәнінің мұғалімі Жапабаева Меруерт Секербайқызына зор алғысын білдіреді.

«БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ХҚҚ тарих және қоғамдық пәндер әдіскері Сатанов Арстан Болатұлы

Просмотров страницы: 994

Серіктестер