«Жарқын болашақ» ана тіліміздің мәртебесін тағы да көтерді
Авторы— Бауыржан Карипов – 03/05/2017
20-22 сәуір күндері аралығында Алматы қаласында республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасы өтті. ҚР БҒМ және Білім-инновация халықаралық қоғамдық қорының (бұрынғы KATEV) ұйымдастыруымен «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биыл 9-мәрте өтіп отыр. Елімізде 25 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан Білім-инновация қорының бұл ең жарқын жобаларының бірі десек болады. Білім беру саласында брэндке айналған «КАТЕV» халықаралық қоғамдық қоры мен қазақ-түрік лицейлері жаңа заманның үрдісіне сай «Білім-Инновация» деп ребрендинг жасаған еді. Ширек ғасырлық қысқа мерзімде бұл оқу орындарының шәкірттері 17 641 медаль жеңіп алған екен. Яғни, бұл дегеніңіз — әрбір үш түлектің екеуі медаль алып шыққан деген сөз.
«Жарқын болашақ» олимпиадасына оқыту тіліне қарамастан, мемлекеттік және мемлекеттік емес жалпы білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың арасында еліміздің барлық облыстарынан келген 7-11 сынып оқушылары жыл сайын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 5 бағыт бойынша («Тілші-әдебиетшілер», «Жас ғалымдар», «Жазушылар», «Сөз шеберлері», «Әнші-бұлбұлдар») білімін сарапқа салады. Олимпиаданың негізгі концепциясынан қазақ тілін бес бағытта дамытуға арналғанын байқауға болады. Олимпиаданың «Жарқын болашақ» деп аталуында да символикалық мән бар. Олимпиадағы қатысушы оқушылар — болашақ қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, осы саланың жілігін шағып, майын ішкен ғалымы, қазақ жазушылары мен журналистері, күміс көмей әншілері мен тілі мен танымы түйіскен актерлері. «Қазақ тілінің болашағы жарқын» деген сенім — ең құнды капитал.
«Жарқын болашақ» олимпиадасында 9 жылдың ішінде жеңіске жеткен 180 оқушыға ЖОО-ның білім гранты табысталған. Жыл сайын 20-ға жуық грант бөлетін Сүлеймен Демирел атын-дағы университетті атап өтпесе болмайды. Бұл аталмыш университеттің мемлекеттік тіл — қазақ тілінің дамуына қосқан толағайдай үлесі деп білеміз. Университет басшыларының, оқытушылар қауымының қазақ ұлтына, қазақ тіліне деген оң көзқарасы, жанашырлығы, берік ұстанымы.
Биылғы олимпиада да СДУ базасында өтті. Бір таңғалдырған жайт — олимпиада кезінде ұйымдастырушылар жанынан табылған еріктілер өткен жылғы, яғни «Жарқын болашақ» олимпиадасының жеңімпаздары болып шықты. «Жарқын болашақтың» өз мектебі қалыптасып келеді. Қазақ тілінің өсіп-өркендеуіне, еліміздің бірлігі мен бәсекеге қабілетті ел болуына «жарқын болашақтықтар» зор үлес қосатынына сеніміміз мол.
Просмотров страницы: 1632