20-21 қазан күндері «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» (бұрынғы «KATEV») Халықаралық қоғамдық қорына қарасты өзін-өзі басқару ұйымдарының жетекшілері арасында «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» патриоттық бағыты аясындағы «ЖАС КӨШБАСШЫ-2017» Құрылтайы өтті. Оған Қазақстанның әр аймағындағы «Білім-инновация» лицейлерінің (бұрынғы «Қазақ-түрік» лицейлері) мектеп президенттерінен (өзін-өзі басқару ұйымдарының жетекшілері) құралған 36 оқушы қатысты.
Бірінші күні сағат 9:00-де «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте және президенттің кеңесшісі Нұрбол Төлебаев мырзалармен кездесті. Ұлағатты ұстаздар оқушыларға Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы “ұлттық код”, “білімнің салтанат құруы”, “ұлттық бірегейлікті сақтау”, “бәсекеге қабілеттілік” сияқты мәселелердің маңыздылығын түсіндірді.
Сағат 11:00-де еліміздің алдыңғы қатарлы білім ордасы – Назарбаев Университетіне танымдық саяхат жасады. Университеттің студенттік істер және халықаралық қатынастар жөніндегі вице-президент Қадиша Даирова ханым оқушыларды NU-дың ашылу тарихымен таныстырып, әрі қазіргі кездегі жетістіктерімен бөлісті. Сондай-ақ, университеттің көшін бастап тұрған білімді студенттерідің басым көпшілігі БИЛ оқушылары екенін айтып, білімді жастарды тәрбиелеп өсіріп жатқан БИЛ мұғалімдеріне деген шынайы ризашылығын білдіріп өтті.
Сағат 15:00-де оқушылар «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Цифрлы Қазақстан» бағыты аясында еліміздің медиа ошағы – “Қазмедиа орталығына” экскурсия жасады. «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрайымының орынбасары Ринат Кертаев пен «Қазақстан» Ұлттық арнасының жүргізушісі Мейіржан Әлібекұлы оқушыларымызды студияларында аралатып, тележурналистиканың қыр-сырымен таныстырды. Сонымен қоса экскурсия кезінде оқушылар танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы және «Қазақстан КВН одағы» РЖҚБ президенті, Республикалық «Жайдарман» әзілкештер мен тапқырлар сайысының жүргізушісі – Елеукен Есентүгел мырзамен жолықты. Соңында ерекше әсер алған оқушылар сүйікті журналистеріне рахмет айтып, өздері қолдан жасап дайындап келген сыйлықтарын тарту етті.
Сағат 17:00-де мектеп президенттері ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова ханыммен кездесті. Депутат жастарға өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесі мен ізгі тілектерін айтты. Кездесудің соңында оқушылар Бірғаным апайға сыйлықтарын тарту етіп, алғыстарын білдірді. Содан кейін оқушылар ҚР Парламент Сенаты мен Мәжілісі ғимараттарын аралап, заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғары өкілдікті органның жұмыстарымен танысты.
Кешкі сағат 19:00-де оқушылар USTAZ Кәсіби Жетілдіру Орталығының академиялық директоры Нұрлан Иманғалиевтың «Цифрлы сауаттылық» атты семинарына қатысты. Содан кейін сағат 20:00-де жас көшбасшылар арасында жобалар жарысы болып, өзін-өзі басқару ұйымдарының таныстыру презентациялары жасалды.
Екінші күні сағат 9-да оқушылар «Білім Орда» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дарханбек Қожабеков және ҚР Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу комитетінің төрағасы Бағдат Мусин мырзамен кездесті. Бағдат Мусин жас көшбасшыларға студент кезіндегі өміріне әсер еткен 3 оқиғасын әңгімелей отырып, баға үшін оқу мен арнайы мақсат жолында білім алудың ара жігін ашып көрсетті. Сондай-ақ, жаһандану заманындағы қоғамның инновациялық даму қарқыны мен оның маңыздылығын түсіндіріп, оқушыларға алған білімдерін практика жүзінде қолдануға, қазірден бастап инновациялық жобалармен айналысуға кеңес берді.
Сағат 11-де оқушылар ҚР Білім және ғылым министрі Сағадиев Ерлан Кенжеғалиұлымен кездесті. Министр мектеп-президенттеріне “Рухани жаңғыру” тақырыбында лекция оқыды. Жас көшбасшылармен әңгемелесіп, мектептегі білім беру жүйесі туралы жеке пікірлерін де сұрады. Қазақстанның болашағы білімді жастардың қолында екенін айтып, лицей оқушыларына үлкен сенім артатынын білдірді. Кездесу соңында ұланбасыларға сыйлық тарту етілді. Министрімізбен кездесіп, үлкен мотивация алған оқушылар да Ерлан Кенжеғалиұлына шын жүректен алғыс-тілектерін айтып, арнайы дайындап келген сыйлықтарын сыйлады.
Сағат 12:30-да оқушылар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейіне танымдық саяхат жасады. Мұражайға айналған Мемлекет басшысының бұрынғы Резиденция ғимаратын аралап, елін сүйген елбасының өнегелі өмірімен, мемлекеттік және қоғамдық қызметіне қатысты материалдармен танысты.
сағат 14:30-да адам өміріндегі ұлы істердің бірі – ағаш отырғызу іс-шарасы өткізілді. “Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, Мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді” демекші, жастарға артында қалар ұмытылмас игі істер жасаудың маңыздылығы түсіндірілді.
Сағат 16:30-да оқушылар саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне саяхат жасады. Жастардың өткенді саралап, келешекке кемел көзқарас танытулары үшін ұйымдастырылған бұл саяхатта жас көшбасшылар қасіретке толы өткен ғасырдың ызғарын сезініп, 30-40 жылдардағы азапты күндерді еске алып қайтты. Бүгінгі бейбітшілік заманның қадірін жете түсінген ұланбасылар тарихқа құрмет танытып, еліне адал қызмет еткені үшін “халық жауы” аталып, отбасыларымен бірге азап шеккен саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етті.
Сағат 18:30-да «ЖАС КӨШБАСШЫ-2017» Құрылтайының қорытындысы болды. Лицейлер бойынша өзін-өзі басқару ұйымдарының инновациялық жобаларымен топ жарып шыққан төмендегі оқушылар жүлделі орындармен марапатталды.
1-орын:
Жезқазған БИЛ – Қапар Әлихан Бағдатұлы
2-орын:
Павлодар БИЛ (қыз) – Cадуақас Азалия Арманқызы
Есік БИЛТамазов Алишер Русланович
3-орын:
Екібастұз ОМПЛ – Мажитов Нурдаулет Серикболатович
Galaxy international school – Саидахрам Сулеймен
Өскемен Нурорда – Әбенов Арсен
Қызылорда БИЛ (қыз) – Аймышева Жаннұр Асылбекқызы
Просмотров страницы: 682