4 мамыр күні “Білім-Инновация” қорының ұйымдастыруымен “Құндылықтарға негізделген білім беру” жобасы шеңберінде Астана қаласында еліміздің әр түкпірінен жиналған ұстаздар, ата-аналар және оқушылардың қатысуымен жыл сайынғы “Q Talks” (Qundylyq Talks) конференциясы өтті. Бұл шара мектептер арасындағы оқу-тәрбие жұмысына қатысты тәжірибе алмасудың жаңа форматы ретінде қабылданады.
Конференцияға дейінгі уақытта “Құндылықтар – білім мен тәрбиенің алтын көпірі” атты білім көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде Астана мен Қарағанды қалаларындағы мектептер мен Астананың БИЛ оқушыларының “Құндылықтарға негізделген білім беру” бағдарламасы бойынша жасаған жұмыстары таныстырылды.
Конференцияда мұғалім, оқушы, ата-ана қатарынан іріктелген 9 спикер сөз сөйледі. Әр спикердің ерекше тәжірибесі мен ойлары көрермендерге үлкен әсер етті.
Сонымен қатар, жиынға қатысқан Мәжіліс депутаттары Асхат Аймағамбетов пен Максим Рожин, “Amanat” партиясының хатшысы Шолпан Каринова, сондай-ақ өңірлік білім басқармаларының басшылары және ата-аналар конференцияның жоғары деңгейде өткендігін атап өтіп, ұйымдастырушылар мен спикерлерге алғыстарын жеткізді.