2024 жылдың 3-10 маусымында Малайзияның Перак өңірінде орналасқан Тунку Абдул Рахман университетінің (UTAR) Кампар кампусында 24-ші физикадан Азия олимпиадасы (APhO) өтті. Бұл олимпиада 2000 жылы Индонезияда Халықаралық физика олимпиадасының (IPhO) негізінде құрылған және физикаға құштар оқушыларға арналған аймақтық дода ретінде қызмет етеді. Жарыс екі бөлімнен тұрады: бес сағаттық теориялық сынақ пен бес сағаттық зертханалық эксперимент.
Биылғы олимпиадаға 27 елден 212 қатысушы қатысты. Қазақстаннан биылғы оқу жылында физика бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері болған сегіз оқушы қатысты. Олардың төртеуі “Білім-инновация” лицейлерінің оқушылары:
- Артур Ким – Ақтөбе облыстық дарынды жасөспірімдерге арнаған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушысы;
- Амир Пшенбаев – Астана қаласының дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушысы;
- Нұрбол Закир – Атырау облыстық №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушысы;
- Нурасыл Барлыбаев – Атырау облыстық №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының 10 сынып оқушысы.
Қазақстан құрамасы бір күміс, бес қола медаль және бір құрмет грамотасын жеңіп алды. Қор мектептерінен келесі оқушылар жүлделі орындарды иеленді:
- Қола медаль – Артур Ким, Ақтөбе облыстық дарынды жасөспірімдерге арнаған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушысы;
- Қола медаль -Амир Пшенбаев, Астана қаласының дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушысы;
- Грамота – Нұрасыл Барлыбаев, Атырау облыстық №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының 10 сынып оқушысы.
Оқушыларымызды, ата-аналары мен ұстаздарын керемет жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз және одан әрі табыс тілейміз!